Капитал нарығының мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейту қажет – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай ұлттық қаржы экожүйесін құруға ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Қазақстан халықаралық капитал үшін жаңа бағыттарды ашпақ
Фото: ЖИ

Мемлекет басшысының айтуынша, экономиканың негізгі секторларын ұзақ мерзімді кредиттеудің жаңа тетіктерін іске қосу қажет. Бұл үдеріске банктер, даму институттары, халықаралық қаржы ұйымдары және БЖЗҚ тартылуы тиіс.

Сонымен қатар Президент капитал нарығының мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейту қажет екенін айтты. Осыған байланысты, жеке кәсіпорындарды биржалық құралдарды белсенді қолдануға ынталандыру маңызды.

Қосымша қаржыландыру көздерін жұмылдыру және инвестициялық тәртіпті нығайту – маңызды міндет. Бұл үшін нақты тетіктер қазіргі уақытта әзірленіп жатқан капитал нарығы туралы заң жобасына енгізілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай ұлттық қаржы экожүйесін құруға ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Қазақстан қор биржасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Alatau City тығыз серіктестікте жұмыс істеуі тиіс.