Президент 3 жасар атыраулық балақайға алғысын білдірді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда тұратын 3 жасар Дінмұхаммед Жұмажанның шашылған қоқыс жинағаны көпшілікті сүйсіндірген еді. Президент балақайға алғысын білдірді.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов 3 жасар балақай мен оның ата-анасымен кездесіп, Мемлекет басшысының алғысын тапсырды.

– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы уақытша іс-шара емес, әр азаматтың күнделікті атқаратын ісіне айналып отыр. Кейде көп сөзден гөрі осындай нақты қадамның әсері өзгеше болады. Дінмұхаммед әлі де ойын баласы болса да, оның әрекеті көпке ой салды. Бұл – отбасындағы тәлімді тәрбиенің жемісі, нағыз отансүйгіштіктің үлгісі. Кішкентай Дінмұхаммедтің шашылған қоқыс жинағаны баршаға ой салды, - деді Серік Шәпкенов.
Балақайдың әкесі Ержан Хайрошевтің айтуынша, тұрғындардың бірі ұлын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.

– Біз өзіміз тұратын шағын ауданда Ораза айт мейрамын кең көлемде тойладық. Сол кезде ұлымыздың әрекеті елдің ықыласына бөленеді деп ойламадық. Оның тілі кеш шықты. Сосын балабақшаға бердік. Балабақшадан үйренгені де бар шығар. Өз отбасымызда да тазалыққа мән береміз. Сенбіліктерден қалмаймыз. Мен ұлымның елдің патриоты болып ер жеткенін қалаймын, - дейді Ержан Хайрошев.
Облыс әкімі Дінмұхаммедке ескерткіш сыйлық тапсырып, ата-анасына алғыс айтты.
Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, елді мекендерді көгалдандырудың аймақтық жоспары жасалған. Соған сәйкес 63 гектар аумаққа 145 мың 700 көшет отырғызу жоспарланған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мектептерінің асханасында 71 мыңнан астам оқушыға диеталық тамақ берілетінін жазған едік.