Президент АЭФ қатысушыларын «Астана» қаржы орталығының ашылу рәсіміне шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Global Challenges Summit 2018 форумының жалпы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі меймандарды «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсіміне шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ағылшын құқығымен және тәуелсіз соттармен жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы «ЭКСПО-2017» орнында құрылды. Ол қазіргі уақытта ашық. Бүгінгі мүмкіншілікті пайдалана отырып Сіздерді аталған орталықтың ағымдағы жылғы 5 шілдеде өтетін ресми тұсаукесеріне шақырамын», - деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, үш күнге созылатын биылғы форумға әлемнің түрлі елдерінен 500-ге жуық спикер қатысуда. Бұл АЭФ-тің рекордтық көрсеткіші. Топ-спикерлер арасында Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер, физик, футуролог Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы Джим О'Нил, Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, Ресей президенттігіне үміткер болған Ксения Собчак және өзге де тұлғалар бар.