12:41, 30 Қаңтар 2019 | GMT +5
Президент әкімдерге: Құрылыста отандық материалдардың пайдаланылуын қатаң бақылаңыздар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыстардағы тұрғын үй құрылысына отандық материалдарды пайдалану қажет. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдеріне осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті тұрғын үй құрылысында отандық материалдарды пайдалану ел экономикасының локомотиві болып саналатындығын баса айтты.
«Барлық әкімдер қажетті материалдардың барлығын облыстарда шығуын және құрылыста пайдалануын қатаң бақылауға алыңыздар. Сонда басқа да мекемелерге жұмыс бересіздер, табыс табады», -деп ескертті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жобалау және құрылыс кезеңі кезінде отандық материалдарды қолдану мәселесі ерекше бақылауға алынды.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыстағы қазақстандық қамту үлесі 77 пайызды құрады. Осыған байланысты деңгей 2017 жылы 5 пайызға, оның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша 86 пайызға артты», - деді министр.