Президент әкімшілігі лауазымды тұлғалардың үстінен 400-ден астам ескерту түсірген
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Президент әкімшілігі лауазымды тұлғалардың үстінен тапсырмаларды уақтылы орындамайтыны туралы 400-ден астам ескерту түсірген. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орындаушылық тәртіпті арттыру қажет. Мемлекеттік аппарат жұмысында менің тапсырмаларымды орындаудағы формальды көзқарас әлі сақталып отыр. Орындау мерзімі әр түрлі себептерге байланысты кешіктіріліп, бірнеше рет кейінге қалдырылып жатады.Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына тапсырмаларды орындау сапасы бойынша 400-ден астам ескерту жолдады», - деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл жағдай Үкімет тарапынан бақылау тиісті деңгейде болмағандықтан қалыптасып отыр деп есептейді.
«Премьер-Министр Кеңсесінің Үкіметтің қызметін қамтамасыз ететін орган ретіндегі бақылау қызметі негізінен мемлекеттік органдардың дайын есептерін жіберумен және қайталаумен шектелді. Тапсырмаларды орындау сапасын тиісті талдау және бағалау жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.