Президент алдағы заңнамалық бастамалар туралы қоғамға тиісті ақпарат беруді тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қажетті құқықтық жаңалықтарды қоғамдық талқылау бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін белсенді іске қосуды тапсырды.
«Парламент - бұл халықтық өкілдіктің органы. Сондықтан да Парламенттің қызметі қоғам үшін барынша ашық болуы керек. Заңды қабылдаудың қажеттілігі мен барлық логикасы қазақстандықтарға түсінікті болуы маңызды. Адамдарға түсіндіру шараларын көбірек жүргізу керек», - деді Президент алтыншы сайланған ҚР Парламентінің екінші сессиясын ашу барысында.
Сонымен қатар Мемлекет басшы заң шығарушылық үдерістің шегін кеңейту керектігін айта келе, жобаларды даярлау кезеңінде қоғамдық сарапшыларды, парламенттік емес партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерін тарту қажет екенін жеткізді.
«Қажетті құқықтық жаңалықтардан алдын ала халықты ақпараттандыру мен қоғамдық талқылау бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін белсенді іске қосу керек», - деп тоқталды Н. Назарбаев.
Сөз соңында Президент заң шығарушылық үдеріске қатысатын мемлекеттік органдардың барлық басшылары, сондай-ақ партиялық фракцияда тұрақты түрде жоспарланып отырған заңнамалық бастамалар жөнінде қоғамға ақпарат беріп отыруы тиіс екенін атап өтті.