Президент «Ashyq» жүйесіндегі карантин бұзушыларға талаптарды күшейтуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ashyq» жүйесі анықтаған карантин бұзушыларға талаптарды қатаңдатуды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Бұған дейін айтқанымдай, біз пандемия жағдайында өмір сүріп, жұмыс істеуді үйренуіміз керек. Бизнес пен тұтынушылар үшін бұл «Ashyq» цифрлық шешімінің арқасында ғана мүмкін. Бағдарлама өз мақсатын ақтап келеді. Оған қоса, соңғы уақытта вирус жұқтырғандар мен байланыста болғандар, яғни қоғамдық орындарға баратын «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдар саны артып келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте.

Оның айтуынша, бағдарлама «қызыл» және «сары» мәртебелерді тіркегеннен кейін кей азаматтар басқа демалыс орнын іздеп кетеді.

«Шамасы, мұндай жауапсыз адамдар айыппұлдан қорықпайды, өйткені ешкім айыппұл салып отырған жоқ. Ал ЖСН мен иммундық мәртебе жүйеде тіркеліп жатыр ғой. Мұндай жауапсыздық жазалануы керек. Карантиндік шектеулерді сақтамағаны үшін талаптарды қатаңдатуды тапсырамын», - деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Президенттің қатысуымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар