Президент: Astana AI Film фестивалі — нағыз озық инновациялық іс-шара
АСТАНА. KAZINFORM — Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев елордамызда тұңғыш рет өткен Astana AI Film фестивалі туралы сөз қозғады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Президент алдымызда ауқымды міндет тұрғанына назар аударды. Бұл — жаһанда цифрлық өркениет пен білім экономикасы салтанат құрған дәуірде өмір сүріп, өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеп шығару.
— Сондықтан менің тапсырмаммен Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталды. Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс. Бұл бағытта маңызды қадам жасалды. Биыл қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекітті. Қалада немесе шалғай ауылда орналасқанына қарамастан, еліміздегі барлық мектеп озық әдістеме мен цифрлық платформаға қол жеткізеді. Бастама жақсы. Жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр. Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен асты. Оқушылардың когнитивті бейімделу индексі орташадан жоғарылады. Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқтап қалуға болмайды, — деді Мемлекет басшысы.
Президент өткен аптада Астанада жасанды интеллект тақырыбына арналған ауқымды іс-шаралар өткеніне тоқталды.
— AI & Digital Bridge — 2026 форумы, сондай-ақ белгілі мамандар мен сарапшылардың қатысуымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы болды. Осы отырыста Қазақстанның аса маңызды салада мол табысқа жеткені аталып өтті. Бірақ бұл жайбарақат отыруға болады деген сөз емес. Себебі жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өте жоғары қарқынмен дамып жатыр. Бұл — уақыт талабы. Бұдан бөлек, елордамызда тұңғыш рет Astana AI Film фестивалі өтті. Шын мәнінде, бұл — нағыз озық инновациялық іс-шара деп айтуға болады. Өйткені дәл осы өте өзекті және маңызды шара аясында Астана қаласында әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің кино өнеріндегі көрінісі пайда болды. Басқаша айтсақ, аталған фестиваль бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі кино өндірісінің өзектілігі азая бастағанын көрсетті. Енді фильм түсірумен айналысатын мамандар шенеуніктердің, демеушілердің және продюсерлердің қолдауына тәуелді болмай, өз бетімен толыққанды кино туындысын шығара алады. Сондықтан Астанада өткен бұл нағыз жаһандық ауқымдағы фильм фестиваліне әлем жұртшылығы айрықша назар аударды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, 2 қазан күні Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival жасанды интеллект қолданған фильмдердің бірінші халықаралық байқауына қатысты.
Президент жасанды интеллектінің тың мүмкіндіктері жастардың әлеуетін арттыруға жол ашатынын айтқан болатын.