Президент айтқан 162 олигархтың саны 2 жыл ішінде қалай өзгерді – вице-министр жауабы
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2025 жылы күшіне енетін Салық кодексін талқылаған жиында Қазақстандағы байлықтың тең жартысын иемденіп отыр делінетін 162 адамның тізімі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қ.Тоқаев елдегі байлықтың тең жартысын 162 адам иемденіп отырғанын айтқан еді. Содан бергі екі жылда 162 адамның тізімі қысқарды ма, ұзарды ма? Олардың иелігіндегі байлықтың үлесі 50 пайыздан төмендеді ме, әлде асып кетті ме?» - деп сұрады журналист.
Вице-министрдің сөзінше, ол тізім құпия болғандықтан, нақты мәлімет беру қиын.
«Қаңтар оқиғасынан кейін сондай ақпарат болған еді. Қазіргі таңда бұл жұмысты заңды деңгейге жеткізу үшін заңсыз иемделген активтерді қайтару туралы заң қабылданды, Бас прокуратурада арнайы комитет құрылды. Біз сол комитет аясында жұмыс тобына кіреміз, бірге жұмыс атқарылып жатыр. 11 айдың қорытындысы бойынша 1 трлн теңгедей қайтарылғанын білесіздер. Бұл жұмысты заңды деңгейде жалғастыру үшін қоғамдық ұйым өкілдері бар арнайы жұмыс тобы құрылған. Тізімнің қалай қалыптасатынын, басқа да мәселелерді Үкімет басшысымен бірге ұдайы қарап отырады. Қазіргі таңда бұл жұмысты Бас прокуратура қадағалап отырады. Дегенмен салық және кедендік тексеру кезінде болған заңсыздықтар бойынша ақпарат беру арқылы көмек көрсетіп жатырмыз», - деді Қаржы министрінің орынбасары.
Ержан Біржанов аталған 162 адамның тізімін көруге құзыреті жоқ екенін атап өтті.
«Ол тізімде 162 адам бар ма, 200 адам бар ма, ол жағы жария етілген жоқ. Өзіңіз білесіз оның себептері бар. Бас прокуратура түсініктеме берген. Себебі қазір бұл азаматтар үлкен мекемелердің құрылтайшылары немесе басшылары болып келеді. Қазір оларды жария ететін болса, репутациялық қатерлер бар. Оның үстіне иелігіндегі соманы дәлелдеп, өндіріп алғаны туралы соңғы деректер жоқ. Сондықтан Бас прокуратураның шеңберінде тізім құрылып, қаражат қайтару жұмыстары жүргізіледі. Біз бұл жұмыста басты рөлді атқармаймыз. Менің ол дерекке қолым жеткілікті емес. Себебі тек жұмыс тобына кіретін адамдар ғана оны қарастырып отыр. Сондықтан нақты мәлімет бере алмаймын. Жалпы ол тізімді жария етуге заң шеңберінде мүмкіндік жоқ», - деді Ержан Біржанов.