Президент: Бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен сүйреуді доғару қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жеке және заңды тұлғаларға банкроттықтың нақты әрі түсінікті процедураларын жасақтауды тапсырды.
Бұл туралы Мемлекет Басшысы бүгін «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлім етті.
«Үкіметке жеке және заңды тұлғаларға банкроттықтың нақты әрі түсінікті процедураларын жасақтауды тапсырамын. Оның қорқынышты ештеңесі жоқ. Ол мейлінше жеңіл және ашық болуы керек», - деп атап өтті Президент.
Қазақстан Президентінің атап көрсеткеніндей, тиімді реттеумен бірге банкроттықтың да процесі мен тиімсіз компанияларды сауықтыру қатар жүруі тиіс.
«Ауыл шаруашылығы субъектілері өз жерлеріне ие, өздері тапқан ақшаны өздеріне қалдырады, мемлекетке тек салық төленеді. Машина жасау зауыттарының барлық мүлкі кәсіпкерлердікі. Онда үкімет неге оларға халықтың қаражатынан ақша беруі қажет?! Өйткені, біз қауқарсыз компанияларды демеп отырмыз. Егер біз бәсекелестік туралы айтатын болсақ, онда тиімді реттеумен бірге банкроттықтың да процесі мен тиімсіз компанияларды сауықтыру қатар жүруі тиіс. Нарықтық экономика - мықтылардың бәсекелестігі. Жеңілгендерде нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндіктері болғаны ләзім. Бізде ол жоқ. Тиімсіз компаниялар түрлі субсидиялар мен жеңілдіктерге кезекке тұрады және мемлекетке қол созып отырады. Ешбір дамыған елде компанияның банкротқа ұшырауы саланың құлдырауына немесе кәсіпорынның жабылып, жұмыскерлердің жұмыстан шығарылуына әкеп соқтырмайды», - деді Елбасы.
Н.Назарбаевтың айтуынша, жыл сайын миллиондаған фермерлер банкрот болып жатады. Дегенмен, оның орнына бәсекеге қабілетті жаңа фермерлер келеді.
«Дамыған елдерде банкроттықтан ештеңе тоқтап қалмайды. Бізде банкроттық туралы айта қалсаң, кәсіпорын жабылып, есігіне құлып ілініп, адамдар жұмыссыз қалады. Басқа елде ондай жоқ. Сауықтыру мен сот процесі өз кезегімен жүреді, банкроттық жағдайға әкеп тіреген басшы жауапты өз мойнына алады. Орнына басқа кәсіпкер келеді, кәсіпорын жұмысын жалғастыра береді. Бізде ондай жоқ. Сондықтан барлығы сияқты жұмыс істейік. Банкроттық - саланың құлдырауы емес, бұл жаңа менеджер мен жаңа инвестициялардың келуі. Тиімсіз басшының орнына, жаңа иегер келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет қаржысына сүйремеуіміз керек. Біз сондай экономикада өмір сүріп жатырмыз. Біз жаһандық экономикада, бәсекелестік жадайында, жұмыс істеп жатырмыз. Біз оны сүйрейміз, демейміз, бірақ соңында бәрібір ол құлайтыны белгілі ғой», - деді Мемлекет басшысы.