Президент «Батыс» өңірлік әскерлері қолбасшысын тағайындады

АСТАНА. KAZINFORM — Нұрлан Кәрібаев «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы атанды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нурлан Карибаев
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Мемлекет басшысының өкімімен Нұрлан Серікбайұлы Кәрібаев «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.

Нұрлан Кәрібаев 1978 жылы 13 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясын «мотоатқыштар әскерлерін басқару тактикасы» мамандығы бойынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетін «әскери және әкімшілік басқару» бағыты бойынша, сондай-ақ Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын тәмамдаған.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде мотоатқыш взводының командирінен бастап, әртүрлі гарнизондардағы әскери бөлімдердің командиріне дейін түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

Жаңа лауазымға дейін ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы қызметін атқарды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Осыдан бұрын Президент Қазақстанның Корея мен Мьянмадағы елшілерін тағайындағанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар