13:05, 22 Қазан 2020 | GMT +6
Президент: Біздің елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін толық ауқымды экологиялық ревизия жүргізу керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Назарларыңызды аударғым келетін тағы бір мәселе – біздің қоғамдағы экологиялық мәдениет. Жыл бойы адамдардың қоршаған орта мен жан-жануарларға қатысты әртүрлі резонансты оқиғаларының, тіпті варварлық әрекеттерінің куәсі болдық. Әлемдік экологиялық антирейтингте Қазақстан өкінішке қарай көшбасшы позициясында тұр. Біздің елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ. Туындаған бұл жағдай бізді ең батыл әрекеттерге шақыратын өте күрделі жағдай деп есептеймін», - деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
Президент өз сөзінде қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін толық ауқымды экологиялық ревизия жүргізу керектігін жеткізді.