Қазақстанда эфиопиялық шай, кофе және гүлдер хабы құрылуы мүмкін

НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — Президент Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Абий Ахмед кездесуде екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын, атап айтқанда, саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселелерін талқылады.

— Сіздің еліңізге зор құрметпен қараймыз. Аддис-Абебадағы тұрақты түрде қызмет ететін елшілігіміз Қазақстанның Африка құрлығындағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Африка Одағында байқаушы ел ретінде танылған. Сондықтан біздің Африкаға деген қызығушылығымыз айқын әрі орнықты сипатқа ие. Әсіресе, Эфиопияға көзқарасымыз ерекше. Елдеріңізбен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтқым келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту арқылы іскерлік серіктестікті жандандыруға мол мүмкіндік бар. Әңгімелесу барысында тараптар бір-бірінің сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетімен танысу, Қазақстанда Эфиопиядан шай, кофе, сондай-ақ гүл өнімдерін жеткізуге арналған хаб құру перспективасын зерделеу үшін екі елдің делегацияларын жіберуге уағдаласты.

Бұған дейін Президент Елена Рыбакинаны теннистен АҚШ Ашық чемпионатындағы жеңісімен құттықтағанын жазғанбыз.