Президент «екінші әкім» қызметін енгізуді тапсырды
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Үкімет үйінде жұмыс кеңесін өткізген Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыстық әкімдермен қатар, аймақтағы индустрияландыру мәселелерімен айналысатын «екінші әкім» қызметін енгізуді тапсырды.
Елбасы атап көрсеткендей, аймақтардың экономикалық әлеуетін өсіру міндеті облыстарға жүктелетін болады.
«Облыс әкімдері оған дайын ба? Меніңше, аймақтардағы инвестиция мен индустрияландыру мәселелерімен арнайы маман айналысуы қажет. Ол - облыс әкімінің орынбасары болуы міндет. Оны осы жақтан жіберу керек. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде істейтін «Болашақтың» түлегін алуға болады. Ол «екінші әкімнің» міндетін атқарып, тек индустрияландыру жұмысына ғана жауап беретін болады. Онымен Индустрия және жаңа технологиялар министрі, сондай-ақ Экономикалық даму және сауда министрі қатар жұмыс істеуі міндет. Әкімдердің ол жұмыспен айналысатын уақыты жоқ-ау деймін. Бір айдың ішінде Президент аппаратына ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Н.Назарбаев.