Президент елдегі заң мен тәртіпке қатысты маңызды үндеу жасады - сенатор
АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Закиржан Кузиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісіндегі сөзіне қатысты пікір білдірді.

- Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін құқық қорғау органдарына және жалпы елдегі заң мен тәртіпке қатысты маңызды үндеу жасады. Президент өз сөзінде бірнеше негізгі мәселелерге назар аударды, - деді З. Кузиев.
Депутаттың пайымынша, Мемлекет басшысы құқық қорғау мекемелерінің жұмысында кемшіліктер бар екенін ескерді. Алайда, жағдайды тым қаралау немесе үрей туғызудың қажеті жоқ екенін ескертті.
- Ұлттық бірлік пен ортақ борыш жайында айтатын болсақ, барша халық бір елдің өкілі ретінде Қазақстанға адал қызмет етуге тиіс. Бұл — ұлттық парыз және азаматтық борыш, - деді сенатор.
Сонымен қатар З. Кузиев Президент қауіпсіздік пен тәртіпке басым бағыт ретінде екпін қойғанына тоқтала келе, Қазақстан заң мен тәртіпке негізделген қауіпсіз мемлекет болуы керек екенін айтты.
- Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесіне 1 апта ішінде құқық қорғау жүйесінің жұмысына қатысты нақты, ашық талдау жасау тапсырылды. Бұл талдау мәселелерді жасырмай көрсетеді. Шешу жолдарын ұсынады. Ұдайы жүргізілетін жүйелі жұмыс болуға тиіс. Басты бағдар — заң мен тәртіп: мемлекет дамуының негізі ретінде заң үстемдігі мен тәртіпті ұстану баса көрсетіледі, - деді сенатор.
Бұдан бұрын хабарланғандай, құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек екенін айтты.