Президент Еуразиялық ықпалдастыққа «қырғи-қабақ соғысы» уақытындағы линзамен қарамауға шақырды
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Еуразиялық ықпалдастыққа «қырғи-қабақ соғысы» уақытындағы линзамен қарамауға шақырды.
Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Еуразия медиа форумында айтты.
«Қазақстан өңірлік даму мәселелеріне жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан да Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен бірге Еуразиялық экономикалық одақты құруға дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгінде әлемде Еуразиялық ықпалдастыққа «қырғи-қабақ» уақытындағы бұлыңғыр әрі көнерген линзалар арқылы қарайтын саясаткерлер мен сарапшылар бар. Алайда, бұл шындықты бұрмалайтын ескі оптика»,-деді Н. Назарбаев.
Бұл тұрғыда Президент үш елдің өздерінің тауар нарығын, қызмет пен жұмыс күшін біріктіру ұмтылысынан барша жаһандық экономика ұтатынын тілге тиек етті.
Сөз соңында Елбасы осы жерде қауіпсіз, сенімді, қысқа трансеуразиялық магистральдарымен тұрақты экономикалық ареал қалыптасатынын атап өтті.