Президент фермерлердің өнімін төмен бағаға сатып жіберіне жол бермеуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығын кредиттеуге белсенді атсалысуы керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

а
Фото: Үкімет

— Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығын кредиттеуге белсенді атсалысуы керек. Бұл жөнінде де ұдайы айтып жүрміз. Әлбетте, оңай шаруа емес. Өйткені банктер — жекеменшік. Осы ретте кредитті шаруаларға қолайлы шартпен ұзақ мерзімге беру қажет. Қарызды өтеу кестесінде нақты өндіріс циклі ескерілуге тиіс және инвестициялық кезеңде негізгі берешектің төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі болғаны жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, фермерлер кредиттің алғашқы төлемін жабу үшін егінін жинап бола сала, өнімін арзанға сатып жіберуге мәжбүр. Бұған жол беруге болмайды.

— Үкімет пен министрлік осы мәселені шешуге кірісуі керек. Әрине, мұны тілек қана емес, тапсырма деп түсініңіздер. Бәріміз бір елде тұрамыз, бір ауамен тыныстаймыз, бір жердің суын ішеміз. Сондықтан табыста аса үлкен алшақтық болмауы керек. Қаржы көздеріне қолжетімділік туралы түсінікте де айырмашылық болмағаны жөн. Шаруалар да мемлекетіміз көптеген, соның ішінде көрші елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласына орасан зор қаржы құйып жатқанын түсінуге тиіс. Мұнда масылдыққа орын жоқ. Яғни бөлінген қаражат мақсатқа сай тиімді жұмсалуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.