Президент геологиялық ақпараттың ашықтығына жауаптылардың әрекетін саботажға теңеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында геологиялық ақпараттың ашықтығына жауаптылардың әрекетін саботажға теңеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Жер қойнауын игеру жобасын жасақтауға салынатын инвестицияларды ынталандырсақ деген жоспарымыз бар. Елдегі геология саласындағы жұмыстардың тиімділігі мен ашықтығын қаматамсыз ету – маңызды міндет. Біз бұл жайында көп айтып жүрміз, тіпті жеке министрлік те құрдық. Алайда, ашықтықтың болмауы, шешімдерді кулуарда қабылдау бүгінге дейін саланың дамуын тежеп отыр. Ал, геологиялық ақпаратқа жолы ашық адамдар байып жатыр», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымынша, ресурсқа бай телімдердің таңдаулылар мен пысықайларға «кілем астынан» үлестірілуіне жол беруге болмайды.

«Үкімет бірнеше жылдан бері минералдық ресурстардың цифрландырылған ашық геологиялық мәліметі бар банкін құруға уәде беріп келеді. Тиісті қаражат бөлінді де. Бірақ, осы бір маңызды тапсырма әлі күнге дейін орындалмай отыр және түрлі сылтаулармен созбалаңға салынып кетті. Жұмсақтап айтсақ, мәселе кәсібиліктің төмендігінде. Қатты айтсақ, қасақана саботаж деуге болады. Қайсысы болса да, салдары орындаушылар үшін оңай болмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент үш бірдей министрге сөгіс жариялады. Қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке және киік санына қатысты мәселені оңтайлы шеше алмағаны үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке.


Соңғы жаңалықтар