Президент: Геосаяси сын-тегеуріндерге қарамастан АӨСШК серпінді дамып келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне келген ресми меймандарға алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанға келіп, осынау деңгейі жоғары отырысқа қатысу туралы шақыруымды қабылдағандарыңыз үшін көп рахмет. Мен АӨСШК 30 жылдығына орай өтіп жатқан ашық саммитті жариялау құрметіне ие болдым. 1992 жылы АӨСШК құрылғаны туралы жарияланғаннан бері ұйым ұзақ жолдан өтті. Ол халықаралық прогреске елдердің ынтымақтастық рухында құрылған күшті тиімді серіктестік арқылы ғана қол жеткізуге болады деген берік сенімнің арқасында пайда болды»,- деді Мемелекет басшысы.
Президенттің пайымынша, қазіргі геосаяси сын-тегеуріндерге қарамастан, АӨСШК серпінді дамуын жалғастырып келеді.
«Қазақстан ұйымға төрағалық ету арқылы Азиядағы өзара сенім мен қауіпсіздікке бағытталған диалог пен ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге ниетті. Мүше мемлекеттерге олардың тұрақты қолдауы мен АӨСШК процестеріне баға жетпес үлесі үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.