Президент грантын ұтып алған қарағандылық жастар қандай жобалар ұсынады
Жеңімпаздарға 3 млн теңге көлеміндегі гранттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыстаған болатын.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында жазда жарияланды. Бағыттары: «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа». Нәтижесінде 410 өтінімнің арасынан 12 өңірден үздік 30 жас іріктелді. Жеңімпаздар арасында екі қарағандылық болды.
Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің оқытушысы Думан Әкім «Мәдениет» бағытында жеңіске жетті. Комиссия оның «Театр-Шығармашылық-Талант» Халықаралық балалар мен жасөспірімдер театр фестиваль-байқауының жобасын атап өтті.
«Жеке тұлғаны қалыптастыруда мәдениетке ерекше рөл беріледі. Өскелең ұрпақты өнерге қызықтыру үшін мен «Театр-Шығармашылық-Талант« жобасын дайындадым. Балалар сахнада өнер көрсететін бірегей театр ашуды, мәдениет пен өнер арқылы елімізді танытуды армандаймын. Грант талантты жастарға өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді Думан Әкім.
Жезқазған көпсалалы ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Рузи Шихов «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша грант иегері атанды. Ол Donormyn мобильдік қосымшасын әзірлеушісі болып табылады.
«Қан тапсыру – елдің ұлттық қауіпсіздігі мәселесі. Біздің жүйеміздің арқасында біз Қазақстанда қан донорларының санын халықаралық стандарттар деңгейіне дейін ұлғайтқымыз келеді (1 000 тұрғынға 40-60 адам). Егер Астанада және республикалық маңызы бар қалаларда бұл сан халықаралық стандарттар деңгейінде болса, өңірлерде ол аз. Грант қаражаты сайт пен қосымшаны әзірлеуге жұмсалады», – деп атап өтті Рузи Шихов.