Президент «iKomek» орталығының тәжірибесі туралы айтты

«Барлық қалалар мен аудандардың әкімдері «Бір терезе» қағидаты бойынша ашық әрі кедергісіз, цифрлық технологияларды қолдану арқылы халыққа қызмет көрсету керек. Сонымен бірге, азаматтар тікелей шыға алатындай мемлекеттік қызметкерлердің байланыс мәліметтерін БАҚ-та жариялау жұмысы да ойластырылуы тиіс. Күні кеше ғана Шымкентте әкім «Ашық әкімдік» бағытын іске қосқанын айтып жатыр. Ішкі істер органдарының жұмысын жуырда ғана қараған кезімде олардан фронт-кеңселердің, барлық полиция басқармаларында құрылғымен қамтылған бөлмелердің болуы керектігін айтқан едім. Азаматтар жүгінген кезде оларды жақсы қабылдап, тыңдап жауап берілуі керек. Бұл да Үкіметтің емес ұйымдар айналысатын мәселе», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумында.
Мемлекет басшысы өз сөзінде халықпен қарым-қатынасты нығайтуда заманауи цифрлы технологияларды қолдану қажеттілігі туралы да сөз қозғады.
«Оның жарқын үлгісі - Астанадағы «iKomek» мониторинг және жылдам әрекет ету орталығы. Бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне тарату керек. Аталмыш шаралар мемлекеттік органдарының жұмысындағы ашықтық пен тиімділікті арттыруға көмек береді. Бұл - біздің бәріміздің ортақ міндетіміз. Олар азаматтық қоғаммен бірге атқарылатын жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.
фото:el.kz