Президент Іс басқармасының қызметкерлеріне арналған қазақ тілі курсы басталды

None
Фото: instagram.com/udp_open
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада ҚР Президенті Іс басқармасы мекемелерінің қызметкерлеріне арналған мемлекеттік тілді үйрену, жетік меңгеру курсы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында ҚР Президенті Іс басқармасы мекемелерінің қызметкерлері үшін мемлекеттік тілді тереңдетіп оқытатын курс ашылған болатын. Мен де қазақша білімімді кеңейтіп, іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуді үйрену үшін осы курсқа қатысқанды жөн деп шештім. Сабақ аптасына 3 рет өтеді. Бұл қатысушылар үшін өте ыңғайлы. Мемлекеттік тіл өміріміздің әр саласына дендеп еніп келе жатыр. Соның ішінде медицина саласына да қатысты. Заман талабына сай болу үшін бұл бәрімізге керек әрі пайдалы деп есептеймін», - деп жазды ҚР Президенті Іс басқармасы медицина орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюробекова Instagram парақшасында.


Қазақ тілін үйрену курсы 1 қыркүйекте басталды. Оған ҚР Президенті Іс басқармасының 278 қызметкері қатысып жатыр. 4 айлық мемлекеттік тілді меңгеру, жетілдіру курсын аяқтаған соң тыңдаушыларға сертификат беріледі.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Президентінің Іс басқармасы қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруін жетілдіруге бағытталған курсты қолға алғаны туралы хабарлаған едік.


Ведомствоға қарасты мекемелердің қызметкерлеріне арналған курс медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығында өтіп жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, курс тыңдаушылары мемлекеттік тілді базалық деңгейде біліп қана қоймай, іскерлік қазақ тілін жетілдіруге күш салынады.


Соңғы жаңалықтар