Президент Испания Королін ұлттық мерекемен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Испан халқы күніне орай Король VI Фелипеге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Испания халқының бірлігін, бай мұрасы мен ұлттық рухын айшықтайтын мейрамның тарихи маңызына тоқталды.
— Испания саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуда зор жетістікке қол жеткізген ел ретінде халықаралық қоғамдастықта лайықты орынға ие. Еліңіз өркендеу жолында алға қарай нық қадам баса беретініне сенімім кәміл, — деп жазылған жеделхатта.
Президент берік достық пен өзара сенімге негізделген қазақ-испан қарым-қатынасының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сан қырлы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдің мемлекеттік қызметіне табыс, ал испан халқына бақ-береке тіледі.
Бұған дейін Тоқаев Корея Республикасының Ұлттық күніне орай Президент Ли Чжэ Мёңге құттықтау жеделхатын жолдағанын жазған едік.