Президент Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның құрамын өзгертті
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның құрамына өзгеріс енгізді.
– Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін, - делінген ҚР Президентінің 2025 жылғы 17 наурыздағы Жарлығында.
Аталған құжат бойынша ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның лауазымдық құрамына Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі енгізілді. Сондай-ақ Президенттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі деген жол алынып тасталды.
Бұл тұрғыда комиссия құрамына ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаев енді. Ол ақпан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен осы лауазымға тағайындалған еді.
Еске салсақ, биыл ақпан айына дейін Ерұлан Жамаубаев Президент кеңесшісі қызметін атқарып келді. Ал 17 ақпаннан бастап Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.