Президент қалалардың маңында жеке тұрғын үй құрылысын жандандырудың жолын ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында үлкен қалалардың маңында жеке тұрғын үй құрылысын жандандырудың жолын атап көрсетті.

Президент қалалардың маңында жеке тұрғын үй құрылысын жандандырудың жолын ұсынды

«Әкімдерге мемлекеттік қажеттілікке, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысына жерлерді сатып алу құқығын беру керек. Бұл нені білдіреді? Атап айтқанда, қалалардың айналасында және ішінде бос жер жоқ. Яғни, қала маңындағы жерлерді иеленіп алғандар, енді соны өздері ұстап отыр. Осы ретте әкімдер бұл жер телімдерін халыққа ұсына алмайды»,-деп тоқталды Президент Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Осы орайда Елбасы жер теліміне негізгі сұраныс Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе секілді үлкен қалалардың төңірегінде екенін атап өтті.

Сондықтан да заңнамалық түрде әкімдерге бұл жерлерді қайтарып алуға мүмкіндік беру ұсынылды.  Егер де заң бойынша пайданылмаса, онда прокуратурамен бірге мемлекетке қайтару керектігі немесе кадастрлық құнмен сатып алу бағыты атап өтілді.

«Бұл ретте ескеру жасалды. Жерді алған кезде ферма, үй салатындарын айтқан еді, бірақ нысандар тұрғызылмады. Уақыт келді, жерді мемлекетке қайтару керек және осы шараларды ұзаққа созбау керек. Бұл тұрғыда әкімде адамдарға өздерінің баспанасын салу үшін жер телімін беруге мүмкіндік болады»,-деп атап өтті Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы қадамдар жасалса, қарқынды құрылыс болатынын жеткізді.

«Сондықтан үлкен қалалардың төңірегінде жекеменшік үйлердің көбейгенінің ешқандай жаманшылығы жоқ. Бірақ, сәулеттік тұрғыда жоба бойынша  дұрыс үй болуы керек»,-деді Президент.