Президент Камбоджамен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Камбоджаның ұзақмерзімді даму стратегияларын жүзеге асыруға қолдау білдіріп, жоғары технологиялар саласындағы серіктестікті нығайтуға мүдделі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесуінде мәлімдеді.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің басшылығымен Камбоджа әлеуметтік-экономикалық табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Камбоджа Үкіметінің Cambodia Vision 2050 және Pentagonal Strategy бағдарламаларында межеленген ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру бағытындағы күш-жігерін қолдайтынын айтты.
Президент жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай әлеует бар деп санайды.
— Сіздің және делегацияңыздың елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды білемін. Бүгін Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстанның осы салада қол жеткізген табыстарымен және негізгі әзірлемелерімен таныса аласыз. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексіне сәйкес, барлық бағытта оң динамика көрсетіп келеді. Ортақ ниет пен берік саяси ерік-жігер болса, өзара мүддемізге сай келетін көптеген бағыт бойынша ынтымақтастық аясын кеңейте алатынымызға сенімдімін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Еске сала кетсек, биыл шілде айында Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Мемлекет басшысы Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездескен еді. Хун Манет Камбоджаның Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады.