Президент: Қандай да бір құндылықты Жарлықпен немесе Заңмен орнықтыру мүмкін емес

АСТАНА. ҚазАқпарат – Саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыру керек. Бұл туралы Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент: Қандай да бір құндылықты Жарлықпен немесе Заңмен орнықтыру мүмкін емес

«Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай? Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керектігін баса айтты.

«Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз. Жалпы, қандай да бір құндылықты Жарлықпен немесе Заңмен орнықтыру мүмкін емес. Мен мұны өте жақсы түсінемін», - деді Президент.