ҚР Президенті, Король Филипп және Патшайым Матильда Ректорлар форумына қатысты
АСТАНА. KAZINFORM - Alem.ai. халықаралық орталығында Қазақстан мен Бельгия жоғары оқу орындары жетекшілері бас қосқан іс-шара өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Білім беру мен ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектінің әсері» тақырыбын арқау еткен жиын интерактивті пікірталас форматында ұйымдастырылды.
Пікірталасқа қатысушылар жасанды интеллект технологиялары жоғары білім мен заманауи ғылым саласына қандай өзгеріс әкелетінін егжей-тегжейлі талқылады.
Атап айтқанда, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы аймақтық хаб, сондай-ақ білім беру, зерттеулер және инновациялар бағытындағы ынтымақтастыққа арналған стратегиялық алаң ретіндегі рөлі қарастырылды.
Академиялық, сондай-ақ білім беру ортасында жасанды интеллект пен оқу машинасын пайдалануға, оқу және оқыту үдерістеріндегі жаңа технологияның ықпалына баса назар аударылды.
Форум аясында Қазақстан мен Бельгия жоғары оқу орындары серіктестігін кеңейту, бірлескен білім беру әрі зерттеу бастамаларын іске қосу, академиялық ұтқырлықты дамыту және жоғары мектептегі цифрлық трансформация салаларында тәжірибе алмасу мәселелері пысықталды.
Іс-шара қорытындысы бойынша екі ел университеттері арасында бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылды.
Осыған дейін Тоқаев пен Король Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысты.