Президент Қатар компанияларын әлем экономикасына қажет шикізат түрлерін өндіру ісіне атсалысуға шақырды

ДОХА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар компанияларын кобальт, литий және басқа да әлем экономикасына қажет аса маңызды шикізат түрлерін өндіру және өңдеу ісіне атсалысуға шақырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артатынын атап өтті.

– Қазақстан территориясы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын әрі жерінің 70 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды ел ретінде Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 80-нен астам мемлекетке экспортталады. Аталған саладағы өнімділікті үш есе арттыру арқылы экспортты екі есе ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазақстан Қатар нарығына халал және табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады. Hassad Food компаниясы елімізде бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салуға қызығушылық танытып отырғанын білемін. Біз бұл бастаманы қолдауға әзірміз. Сондай-ақ ет, жеміс-жидек, көкөніс, астық, ұн және басқа да өнімдер өндірісін дамытуға әрі оларды алдағы уақытта Қатар еліне тікелей тасымалдау ісін жолға қоюға мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландыру секторы – екі елдің күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі. Қазақстан мен Қатар жетекші технологиялық орталыққа айналуға ұмтылады.

– БҰҰ Қазақстанды цифрлық технологияларды бейімдеу бойынша үздік отыз елдің қатарына қосты. Соңғы үш жыл ішінде IT саласындағы экспорт 16 есе ұлғайып, шамамен 500 миллион долларды құрады. Бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарын құра отырып, жасанды интеллектінің жаңа технологияларын әзірлеуге кірістік. Көршілес елдермен бірге Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін жүргізуді және Шығанақ елдерімен оптикалық байланыс желісін кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруды көздеп отырмыз. Power International Holding компаниясының Қазақстандағы телекоммуникация нарығында негізгі ойыншылардың біріне айналу жоспарын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы байланыстарды екі ел ықпалдастығының тағы бір маңызды бағыты ретінде атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы Қатардың Орталық банкімен, Қатар қаржы орталығымен және Қатар қор биржасымен берік іскерлік байланыс орнатқанын еске салды. Оның пікірінше, АХҚО-да Қазақстан-Қатар тікелей инвестициялар қоры құрылса, ол бірлескен кәсіпорындарды қаржыландыратын алаң болар еді. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қатар бизнесмендерін биыл маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Дөңгелек үстел барысында Қатардың Сауда және индустрия министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасым Әл Тәни, Қатар бизнесмендері қауымдастығының төрағасы шейх Фейсал бен Қасым Әл Тәни, Қатардың Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы шейх Халифа бен Джасим бен Мұхаммед Әл Тәни, Nebras Power компаниясының бас директоры Халид Мұхаммед Джоло, Hassad Food компаниясының бас атқарушы директоры Әли Хилял Әл Кувари, Qatar Free Zone ұйымының бас директоры шейх Мұхаммед бен Хамад Әл Тәни және басқалар сөз сөйледі. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қатар іскер топтарының арасында бірқатар құжатқа қол қойылды.