Қашағанда газ өңдеу зауыттарын салу, телекоммуникация секторына кіру - Қатарлық компания Президентке өз жоспарын таныстырды

ДОХА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қатардың Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Кездесуде экономиканың түрлі секторындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев табысты серіктестік Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті. 

Қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бүгін мемлекеттік сапар аясында бірқатар маңызды инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Осы ретте Қатардың Power International Holding компаниясы негізгі қатысушы саналады.

Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаят Президентке Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Қызылорда облысында бу-газ қондырғыларының технологиясына негізделген электр станциясын салу жоспары жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ жаңа компрессор станциясын салуға, Бейнеу – Бозой – Шымкент және Ақтөбе – Қостанай газ құбырларын жүргізуге ниет білдірді.

Мемлекет басшысы еліміздің ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бұл жобалардың ерекше маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ Power International Holding компаниясының Қазақстанның телекоммуникация секторына кіру жөніндегі жоспарын құптады.