Президент: Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат –Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде елге қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стратегиялық нысандар» ұғымын айқындау тәсілін қайта қарау қажет. Бәлкім, аймақтық маңызы бар стратегиялық нысан ұғымын енгізу керек шығар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Бәрін ойланбай өзгерте беру экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл мәселенің өзектілігі тіпті арта түсті», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан салмақты және дербес экономикалық саясат жүргізуі керек екенін атап өтті.

«Қоғамдық ресурстар қолжетімді болуы үшін ашық аукцион қағидаттарын басшылыққа алу қажет. Бизнес өкілдері барлық міндеттемелерін адал орындау үшін тиімді бақылау жүйесін орнату керек.

Монополистерге қарсы қозғалған істер бойынша сапалы жұмыс атқарылуға тиіс. Ол үшін қазылардың білікті болуы аса маңызды. Қазір заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түсті. Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Президент төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар