Президент: қазақ-қатар ынтымақтастығы тың серпінмен дамиды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Болашақта қазақ-қатар ынтымақтастығы тың серпінмен дамиды. Бұл туралы бүгін Ақордада Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент: қазақ-қатар ынтымақтастығы тың серпінмен дамиды

«Бүгінгі екіжақты кездесудің нәтижесінде маңызды мәселелерді талқылап, бірқатар келісімге келдік. Жоғары мәртебелі шейх Тәмимнің елімізге осы сапары саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Президент.

Қазақстан мен Қатар екіжақты қарым-қатынастағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударады.

«Алайда, коронавирус індеті және геосаяси ахуал әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Сол себепті кейінгі жылдары сауда-саттығымыз бәсеңдеп кетті. Ендігі мақсатымыз – елдеріміз арасындағы тауар айналымын жаңдандыру. Бұған қолайлы жағдай жасалды. Экономикалық байланысты кеңейту жолында үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңестер маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта Қатардың бірнеше компаниясы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп келеді. Олардың өнімі бірқатар мемлекетке экспортталады. Сондай-ақ, біз геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын дамытуға уағдаластық. Осыған орай, бүгін маңызды құжаттарға қол қойдық. Болашақта қазақ-қатар ынтымақтастығы тың серпінмен дамиды деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Фото : t.me/bort_01