Президент қазақ тілін БҰҰ ресми тілдерімен жалғайтын сөздіктер әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның ресми тілдерімен жалғайтын екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлеуді тапсырды.
Президенттің айтуынша, қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды.
– Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым. Жалпы, пайдалы еңбек деп санаймын, – деді Мелмекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында.
Сонымен бірге, қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді.
– Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажет. Қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартқан жөн, – деді ол.
Президент сөздіктердің электрондық нұсқасын әзірлеп, үнемі толықтырып отыру керектігін айтты.
– Тілдің халықаралық байланысын нығайту арқылы мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашылады, еліміздің зияткерлік әлеуеті артады, – деді Қ. Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп жатыр.
Президент қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу керектігін айтуда.
Жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазылатын болды.