Президент: Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелердегі ұстанымы бірдей немесе ұқсас

None
СИАНЬ. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелердегі ұстанымы бірдей немесе ұқсас. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары барысында Си Цзиньпинмен жүргізілген келіссөз кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Сондай-ақ, екі тарап бір-бірінің халықаралық бастамаларын дәйекті түрде қолдайды.

Осы ретте Сіздің жаһандық қауіпсіздік, жаһандық даму және жаһандық өркениет саласындағы халықаралық бағдарламалық бастамаларыңызды қолдайтынымды айтқым келеді.

Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы әлемдегі тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен сенімге қол жеткізуге ықпал ететініне, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдететініне сенімдімін», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.
Соңғы жаңалықтар