Президент Қазақстан Универсиадаға бес жыл дайындалғандығын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан бұл күнге бес жыл дайындалғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Елімізге келген құрметті қонақтар, спортшылар мен жанкүйерлер. Универсиаданың ашылу күніне дейін біз бес жыл дайындалдық, бұл бес жылдық жол бізді қайраттандыра түсті, ортақ мақсатқа жұмылдырып, Алматы сияқты мегаполистің келбетін өзгертті",-деді Президент.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Универсиаданы ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Халықаралық студенттік спорт федерациясына жəне оның президенті Олег Матыцинға тікелей алғысын жеткізді.
"Осы жаһандық мерекенің дайындығына қатысқандардың барлығына, соның ішінде, Қазақстанның үш мыңға тарта жас еріктілеріне алғыс айтамыз. Осы стадионда əлемнің жүздеген оқу орнынан студенттер келіп, бақ сынағалы отыр. Біз сендердің араларыңда болашақ Олимпиада чемпиондары мен əлем спортының жұлдыздары бар деп сенеміз", - деді Елбасы.
Айта кетейік, бүгін Алматыда 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанаты өтті. Шараға қатысқан ҚР Президенті жастар сайысына 57 елден 2 мыңнан астам спортшы, мыңдаған спорт маманы мен жанкүйер қатысып жатқанын атап өтті. Ашылу рәсімінде спортшылар шеруін 28-інші Универсиаданың иесі - Қазақстан құрамасы аяқтады. Еліміздің байрағын шаңғышы Дәулет Рахымбаев алып жүрді. Ел намысын барлығы 175 спортшы қорғайды.