Президент Қазақстанның екі портын Бельгияның ірі логистикалық орталығымен байланыстыруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтау мен Құрық порттары Бельгияның Антверпен-Брюгге кешенімен әріптестік орнатуы мүмкін, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Қазақстанның екі портын Бельгияның ірі логистикалық орталығымен байланыстыруды ұсынды
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көлік-логистика қарым-қатынасты нығайтатын негізгі бағыттардың бірі саналады. Президент Қазақстан теміржол және автокөлік инфрақұрылымын, Орта дәліз бойындағы теңіз порттары мен терминалдарын жаңғыртуға ауқымды инвестиция құйып жатқанын мәлімдеді.

— Осы орайда, Еуропадағы ірі логистикалық орталықтың бірі ретінде Бельгияның бай тәжірибесінен үйренеріміз көп. Антверпен-Брюгге порт кешені мен Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порттары арасында нәтижелі серіктестік орнайтынына сенімдіміз. Бұл Қазақстанның металл, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен нарыққа шығаруға мүмкіндік береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен технологиялық индустрияны дамыту өзара серіктестіктің негізгі басымдығы екенін айтты.

— Жасанды интеллект пен цифрлық технология мүмкіндігін пайдалана отырып, AlemAi, Alatau City секілді ірі бастамаларды жедел іске асырамыз. Өнеркәсіптің озық салалары аталған орталықтарда қалыптасады. Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу саласында позициясы мықты. Осы артықшылықты ескеріп, бірлескен жобаларды іске асыруға және серіктестікті дамытуға болады, — деді Президент.

Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы
Фото: Ақорда

Осыған дейін Тоқаев пен Король Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысқанын жазғанбыз.