Мемлекет басшысы Қазақстанның үлкен мақсатын атады
АСТАНА. KAZINFORM — Зор мүмкіндіктермен қатар, үлкен қауіп-қатерлер де қатар жүретін дәуірде енжарлық таныту тарихи жеңіліспен пара-пар. Бұл жөнінде Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
– Алдымызда бір үлкен мақсат тұр. Ол – Әділетті, Қуатты, Таза әрі Прогрессивті Қазақстанды құру. Біз зор мүмкіндіктермен қатар, үлкен қауіп-қатерлер де қатар жүретін дәуірге қадам бастық. Ұлттың болмысы дәл осындай тағдыршешті кезеңдерде айқын көрінеді. Енжарлық танытып, күтіп отыру тарихи жеңіліспен тең. Заман талабына беретін бірден-бір дұрыс жауап – стратегиялық тұрғыдан озық әрекет етіп, Қазақстанның болашақ келбетін қалыптастыру. Әйтпесе, біз үнемі басқалардың соңынан қуып жетуге тырысатын даму жолынанан шыға алмаймыз, – деді ол.
Сонымен қатар, Президент Мемлекет прогресінің ең жоғары өлшемі әрі барлық реформаның оң нәтижелерін тұтынушы, яғни қазіргі тілмен айтқанда, басты бенефициары азаматтарымыз екенін атап өтті.
– Сондықтан менің стратегиялық бағдарыма өзек болатын басты идея – Әділеттілік, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Президент ел дамуының ұзақмерзімді басымдықтарына арналған құжат әзірлеуді тапсырды.