Президент кедендік әкімшілікті қатаң бақылауға алуды тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаев кедендік әкімшілікті қатаң бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен айтқан жобаларға қаражат салық әкімшілігін түбегейлі жақсартудың есебінен түсуі керек. Мәселен, кедендік әкімшілік бойынша бізде бір мәлімет бар да, Қытай тарапында одан бөлек екінші мәлімет айтылып жатады. Ол көрсеткіштердің арасында миллиардтар жатыр. Ешкім де ештеңе білмейді. Сұрасаң, қайдағы бір бастықтар кеденді ұстап тұр дейді. Қайдағы бастықтар? Маған олардың кім екенін атаңдаршы. Оларды ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартыңдар. Ол жақтағы жұмысты ретке келтіре отырып, біз бірнеше жүз млрд теңге ала аламыз. Сол секілді, басқа бюджеттік шығындарды қысқарту керек болар. Мемлекеттік сатылымға 4 трлн теңге кетіп жатыр. Бәрі де бір жерден берілуде. Осы бағытта жұмысты реттей бастап едік, қаражат түсе бастады. Мемлекеттік сатылымды толығымен бәсекелі ортаға беруіміз керек. Қымбат әрі жайсыз нысандарды қаржыландыруды қою керек. Бюджетті құрар кезде «жобалық-сметалық құжатым бар, маған ақша бер» дейді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде.

Президент өз сөзінде Үкімет пен Қаржы министрлігіне салық әкімшілігін жақсарту бағытында тапсырма берді.

«Осы шаралар алдағы 3 жылда бюджетке 1 трлн теңгеден астам қаражат алып келеді. Сонымен бірге, ұлттық қордан тағы 1 триллион 230 млрд бөлеміз. 2 триллион 350 млрд - «Нұр Отан» партиясы, өзіңізге түртіп алыңыз. Әрбір тиынның халыққа жетуін қамтамасыз етейік», - деді Елбасы.

Еске сала кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр. Съездің күн тәртібінде бірнеше мәселені қарастыру көзделген. Атап айтқанда, алдымен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалады. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылады. Сонымен қатар партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланатын болады.

Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысып жатыр. Оның 1200-і - еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар, ал қалған 800-ге жуығы - қонақтар.

Соңғы жаңалықтар