Президент кітапханасының сайтында 13 млн.-нан астам мәлімет сақталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңадан ашылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының www.presidentlibrary.kz сайтындағы электронды база арқылы оқырмандар 13 млн. 132 мың мәліметке қол жеткізе алады. Бұл туралы бүгін сайттың тұсаукесер рәсімінде кітапхананың баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова айтты.
«Сайт арқылы Елбасы Кітапханасының электронды кітапханасымен танысуға мүмкіндік бар. Ол екі бөліктен - Мемлекет басшысының Жеке электронды кітапханасынан және мәліметтердің электронды базасынан тұрады. Электронды база арқылы оқырман 13 млн. 132 мың мәліметке қол жеткізе алады. Бағыттары сан-алуан: саясат ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар, тарих, экономика, мәдениет, әдебиет, менеджмент, география және тағы да басқа көптеген салалар қамтылған. Сайтымызға тіркелген адам Дүниежүзілік электронды кітапханамен және электронды журналдар кітапханасымен жұмыс істеуге ерекше мүмкіндік алады», - деп атап өтті ол. Сонымен қатар, сайтқа тіркелген қолданушы «Бұлтты қор-мұрағаты 20+» жобасымен (сенсорлы экран) жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Онда мемлекет басшысының қызметіне байланысты фото, бейнемұрағат бір жүйеге келтірілген. «Сайттың тағы бір ерекшелігі - Интернет-телевизия. Онда Елбасы кітапханасында болған шаралар бейнематериал, фильм түрінде жүктеледі. Сонымен қатар интернет-телевизия арқылы белгілі бір шараны онлайн режимде таратуға мүмкіндік бар», - дейді О. Лоскутова. Сондай-ақ, кітапхана сайтының виртуалды туры арқылы қашықтықтан Мемлекет басшысының Жеке Кітапханасының контентімен, «Әлемді өзгертетін идеялар» атты интерактивті білім беру орталығымен жұмыс істеуге болады.