Президент ҚҚС-ті реформалауды тапсырды: Жаңа Ұлттық экономика министрі оны қалай шешпек
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде салық салу жүйесі қайта қаралады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Бүгін Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексінің жалпы әдістерін, оның ішінде қосылған құн салығын қайта қарауды тапсырған болатын. Осы жұмыстың аясында біз бизнес-қоғамдастықпен, сарапшылармен бірге қайта қарап, аталған кодексті жазамыз. Әдістері қайтадан қарастырылады десек те болады», - деді министр Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейінгі брифингте.
Оның атап өтуінше, жағдайды зерделеу бойынша кешенді жұмыс жүргізілгеннен кейін аталған саладағы өзгерістерге қатысты жалпы жағдай анықталатын болады.
«Бұл тек қосылған құн салығына ғана емес, жалпы салық салу жүйесіне қатысты. Бұл мәселеге қатысты бизнес-қоғамдастықтың пікірін білеміз әрі ескеретін боламыз. Дәл қазір бұл тетіктің қандай болатындығын айта алмаймын. Дегенмен, уақыты келгенде бәрін айтып береміз», - деді Нұрлан Байбазаров.
Бүгін Президент сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатқанын айтқан еді.
«Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды», - деді Мемлекет басшысы.