Президент қоғам денсаулығын нығайтуға қатысты заң жобасының маңызы туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделін енгізу бойынша заң жобасының жақын арада қабылдануы тиістігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Президент қоғам денсаулығын нығайтуға қатысты заң жобасының маңызы туралы айтты

«Маңызды мәселелердің бірі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартуға қатысты. Кірістерінен ешқандай аударымдар жасамайтын халықтың бөлігі бар, сәйкесінше, олар зейнетақы жүйесімен әрі әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер даярланды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлемін енгізу ұсынылады. Бұл төлем өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға медициналық, әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ зейнетақылық қамтамасыз ету жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. Осы өзгерістерді биылдың соңына дейін қабылдау қажет», - деді Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы бұл мәселе Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшу тұрғысында айрықша өзекті екенін атап өтті.

Бұдан бөлек Президент медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделін енгізуді, қоғамдық денсаулықты қорғау мен медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруді қарастыратын заң жобасы әзірленгенін еске салып өтті.

«Бұл құжат Парламент қарауына енгізілген болатын. Бұл ретте оны қарастыруды ұзаққа созбауды сұраймын»,- деді Н. Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.

Жиын барысында Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есеге азаятындығын айтты.

Сондай-ақ Елбасы құзырлы орган өкілдеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қалыптасқан мәселелерді шешуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Үкімет пен министрліктер Түркістан облысының қалыптасуына лайықты назар аудару қажеттігін ескертті және келесі Жолдауда қандай мәселелер көтерілетіні жөнінде де сөз қозғады.