Президент коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы эпидемиологиялық ахуал жөнінде өткен кеңесте коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Мұны локдауннан шығу жолын ертерек ойластырған елдердің тәжірибесі дәлелдеді. Бүгінде олардың экономикасы мен азаматтары күнделікті өмірде пандемияның зардабын тартып отырған жоқ. Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінде, вакцина салдырудан көш басындағы елдерде туризм, сауда, мейрамханалар желісі, шағын және орта бизнес секілді пандемия алғашқылардың бірі болып шарпитын салалардың жұмысы қайта жанданған. COVID-19 індетімен күресте Қытай Халық Республикасы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Пандемия қаупіне шұғыл әрекет ете білу мен жұмыла жұмыс істеу қабілеті Қытайдың індетке қарсы тиімді күресуіне мүмкіндік берді.

«Қытай әлемде алғашқылардың бірі болып коронавирустың жаппай таралуын ауыздықтай алды. Сөйтіп ауру жұқтырғандардың санын азайтты. Экономиканың қайта қалпына келуін қамтамасыз етті. Қытайдың үлгісімен Азияның Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Сингапур сияқты елдері де пандемияға қарсы нақты іс-қимылдар жасады. Сондықтан бізге пандемияға қарсы күресте және вакцина салу кезінде Қытайдың осы ұтымды тәжірибесін ескерген жөн. Жалпы Қытай Қазақстанның ұзақмерзімді стратегиялық серіктесі. Әлемнің екінші экономикасы болып саналатын бұл елмен ынтымақтастық біз үшін пайдалы әрі мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне сай келетінін түсінуіміз керек», – деді Президент.

Еске салсақ, 1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталды.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы егу тегін жүргізіледі.

Коронавируспен ауырған адамның антиденелер титрі жоғары болса және ұзақ уақыт сақталса, вакцина салудың қажеті жоқ.

Ал егер антидене титрі уақыт өте келе төмендесе немесе төртінші, алтыншы айда нөлге дейін түссе, онда иммундау мәселесі туындауы мүмкін.

26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеген еді.

Вакциналау туралы толық ақпаратты ҚазАқпарат агенттігінің арнайы айдарынан оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар