Президент кубогі: Әмір Омархановты ұтқан теннисші финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Президент кубогы үшін Астанада өтіп жатқан ATP Challenger Tour турнирінің финалына шыққан теннисшілер анықталды.

Әмір
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Бұл жарыс әлемнің 533-ракеткасы, 22 жастағы грузиялық Саба Пурцеладзе үшін сәтті болды деуге негіз бар. Грузиялық спортшы жартылай финалда әлемнің 437-ракеткасы, ресейлік Евгений Карловскийді жолдан тайдырды – 6:0, 6:4.

С.Пурцеладзе финалда әлемнің 356-ракеткасы, болгариялық Димитар Кузмановпен чемпиондық атақты сарапқа салады. Д.Кузманов жартылай финалда рейтингіде 622-сатыда тұрған грузиялық Александр Бакшиді сүріндірді – 6:2, 6:4. А.Бакши кеше ширек финалда 3 сағат 21 минутқа созылған өте тартысты матчта рейтингіде 582-орындағы өзбекстандық Сергей Фоминді ұтқан еді – 7:6 (7:5), 6:7 (3:7), 7:6 (7:3). 

Әмір
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Биыл Президент кубогі үшін челленджер додасына жасөспірімдер арасында әлемнің 15-ракеткасы, 16 жастағы Әмір Омарханов алғаш рет қатысты. Ол екінші айналымда С.Пурцеладзеге жол берді – 3:6, 4:6. Дегенмен Әмір екінші айналымға өткендіктен, ATP рейтингісі үшін бастапқы 4 ұпайын алып үлгерді. 

Ә.Омарханов алдағы уақытта жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионаты және басқа жарыстарға қатысатынын мәлімдеді. Келесі жылы қарашада 18 жасқа толатын теннисшінің ересектер арасындағы додаларға біртіндеп қосылуға толық мүмкіндігі бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Швецияда финалға бір қадам жетпей тоқтағанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 223-сатыдағы Тимофей Скатов жекелей сында Бостад (Швеция) ATP 250 турнирінің ширек финалында әлемнің 51-ракеткасы, португалиялық Нуну Боргешке есе жіберді – 4:6, 3:6.

Дегенмен алғаш рет ATP 250 додасының ширек финалына дейін жеткен Т.Скатов қазіргі кезде әлемдік рейтингіде 183-орында тұр.

Соңғы жаңалықтар