Президент кубогы: Асхат Жүсіпов финалға шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Асхат Жүсіпов Астанада бокстан өтіп жатқан халықаралық Президент кубогы турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент кубогы: Асхат Жүсіпов финалға шықты

Бүгін 49 келіде жерлестеріміз Шалқар Айқынбай мен Асхат Жүсіпов жартылай финалда өзара бақ сынасты. Нәтижесінде Жүсіпов төрешілердің шешімімен жеңіске лайық деп танылып, финалға жолдама алды. Енді ол 10 маусым күні финалда филиппиндік боксшы Алекс Карлоспен жұдырықтасады.

Сондай-ақ, бүгін 52 келі салмақта сынға түскен боксшымыз Азамат Исақұлов Қырғызстан боксшысы Жәнібек Мұсаевқа жол берді. Ал 56 келіде өнер көрсеткен отандасымыз Ілияс Сүлейменов ширек финалда Моңғолия боксшысы Тумурхуюгті жарыс жолынан тайдырып, жартылай финалға өтті. Жарыс жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Василий Левит (91 келі) және Әбілхан Аманқұл (75 келі) Президент кубогы турнирінің жартылай финалына шыққан еді. Сондай-ақ, қыздар арасында Назым Қызайбай мен Жайна Шекербекова (51 кел) турнирдің жартылай финалына өткен болатын.

Бүгін Президент кубогы турнирінің өтіп жатқанына төртінші күн. Турнир 13 салмақ бойынша (10 ерлер, 3 қыздар) өтуде. Жарысқа қазақ спортшыларынан бөлек, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Тәжікстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Украина, Ресей, Моңғолия және Қырғызстан елдерінің боксшылары қатысып жатыр.

Финалдық айқастар 10 маусымда өтеді.