19:50, 26 Шілде 2015 | GMT +5
Президент кубогы: Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен екінші орынды иеленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Президент кубогын сарапқа салған халықаралық турнир өз мәресіне жетті, деп жазады Спорт.кз.
Турнирдің соңғы күні грек-рим күресінің палуандары шеберлік сынасты. Финалдық белдесуде Қазақстан құрамасы 3:5 есебімен ресейліктерге есе жіберді. Ал Өзбекстан құрамасы қола жүлдені қанағат тұтты.
ҚР Президенті кубогы жолындағы жарысқа Ресей, Үндістан, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Беларусь елдері өздерінің мықты балуандарын әкелген болатын.
Айта кетейік, биыл дәстүрлі сайысқа бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұған дейін Президент кубогы турниріне тек классикалық стильдегі күрес палуандары қатысатын болса, биыл еркін күрес шеберлері мен әйелдер күресінің мықтылары қосылды. Сондай-ақ, жекелей сын алынып тасталып, турнир командалық бәсеке форматында өтті.