Президент кубогы: Василий Левит жарыс жолынан шығып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті кубогы үшін бокстан халықаралық турнирдің жартылай финалында Василий Левит ресейлік Садам Магомедовпен кездесті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші раундта Садам Магомедов бірден шабуыл жасап, өз қарсыласына қысым жасауға кірісті. Алайда Василий Левит қарымта соққыларын шебер жасай білді. Ал раундтың соңында ресейлік боксшыға сериялы соққыларын дарытты. Екінші раундта қазақстандық боксшы рингтің ортасын бермеді, шабуылдарын үдетті. Сөйтіп, үшінші раундта да басымдық көрсетіп жүрді. Алайда төрешілер жеңісті ресейлік боксшыға беріп қойды. Жалпы есеп - 2:3. Финалда оған қарсы Абзал Құттыбеков шығады.
Айта кетейік, бұған дейін Василий Левит үндістандық Санджитты нокаутпен жеңсе, ширек финалда қытайлық Ван Жибаоны нокаутқа түсірген болатын.
Бүгін 49 келі салмақ дәрежесінде Жомарт Ержан үндістандық Лалбиаккима Нутлаиды жеңді. Аталған боксшы ширек финалда Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовты ұтқан болатын. Одан кейінгі жекпе-жекте Теміртас Жүсіпов ресейлік Василий Егоровты ұтты. Енді, ол финалда Жомарт Ержанмен кездеседі. 52 келі салмақта Әнуар Мұзафаров жапондық Баба Руисейден басым түсті. Финалда оған қарсы филипиндық Ладон Роген Сиага шығады. Қайрат Ералиев Олимпиада чемпионы Шаxобиддин Зоировты ұтып кетті. Оның финалдағы қарсыласы - америкалық Дюк Ламонд Раган.
Закир Сафиулин өзбек боксшысы Шункор Абдурасуловқа жол беріп қойды. Ал 64 келі салмақта Бекдәулет Ибрагимов өзбек Әлиер Норалиевті жеңіп, финалда Икболжон Холдаровпен кездесетін болды. 69 келі салмақта Абылайxан Жүсіпов өзбектің тағы бір боксшысы Маxмұд Гаиповты ұтты. Финалда Абылайxан өз жерлесі - Асланбек Шыңбергеновпен күш сынасып көреді. 75 келіде Әбілxан Аманқұл өзбек боксшысы Исраил Мадримовты ұтып, финалға жолдама алды. Оның қарсыласы - Ерік Әлжанов.
81 келі салмақта өзбекстандық Бектемір Меликузиев қазақ боксшысы Бекзат Нұрдәулетовты жеңді. Финалда оның қарсыласы қазақстандық Бек Нұрмағамбет болады. Ал қыздар арасында төрт боксшымыз финалға шықты.