Президент министрлердің негізгі міндетін атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: t.me/aqorda_resmi

«Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты. Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет. Осы саладағы реформаның басты бағыттары мынадай. Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Үкіметке қатысты жеке тоқталды.

«Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар