Президент: Мызғымас достық пен бауырластықты бекемдей түсу – қазақ-өзбек елінің ортақ мақсаты
АСТАНА. KAZINFORM — Мызғымас достық пен бауырластықты бекемдей түсу – қазақ-өзбек елінің ортақ мақсаты. Бұл туралы Ақордада өтіп жатқан Қазақстан-Өзбекстан жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Жаңа ғана құрметті Шавкат Миромонович Мирзиёевпен шағын құрамда келіссөз өткіздік. Бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Бұл келіссөздер ашық әрі өзара қолдау рухында өтті. Біз қарым-қатынасымызды одан әрі кеңейтуге мүдделі екендігімізді тағы да растадық. Мақсат-міндеттерімізді айқындадық», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойы қалыптасқан мызғымас достық пен бауырластықты бекемдей түсу, өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа белеске көтеру — екі елдің ортақ мақсаты екендігін баса айтты.
«Екіжақты ықпалдастықты дамыту үшін бүгінгі кеңестің отырысы өте маңызды. Қабылданатын шешімдердің де стратегиялық мәні бар. Мен Жоғары мемлекетаралық кеңестің жұмысы қазақ-өзбек қатынастарын дамытуға тың серпін береді деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы.