Президент Н Назарбаев қазақстандық бірліктің шынайы өмірде орын алып отырғанын мысалмен көрсетті

АСТАНА.  3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін 5-ші шақырылған Парламенттің екінші сессиясын ашу барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық бірліктің шынайы өмірде орын алып отырғанына тоқталып, ол турасында нақты мысалдар келтірді.

Президент Н Назарбаев қазақстандық бірліктің шынайы өмірде орын алып отырғанын мысалмен көрсетті

Сөз арасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жақында елімізде тұңғыш рет науқасқа донордың жүрегін ауыстырып салу операциясы сәтті өткенін, соның арқасында Қазақстан мұндай операция жасайтын 20 елдің қатарына енгенін атап өтті.

«Бұл ретте жас отандасымыз Игорь Воротников бүгінге барша қазақстандықтардың аузынан түспей жүрген ізгі қадам жасады. Анасы мезгілінен бұрын қайтыс болып, қасірет жұтқан ол ең қиын сәтте өзге адамдардың өміріне араша түсе алды. Ол анасының жүрегі мен бүйрегін донор мүшесіне мұқтаж адамдарға беру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, тағдырлары қыл үстінде тұрған - Жәнібек Оспанов, Евгений Курсқа жаңа өмір сыйлады. Анасынан айырылған ол қаны бөлек болғанымен, жаны бір бауырлар тапты. Ойлап қарасақ, орыстың баласы анасының жүрегін - қазаққа, бүйрегін - неміске тапсырды, операцияны ұлты кәріс - Юрий Пя, әріптесі чех Жан Пеликпен бірге жасады. Мұның барлығын айтып тұрғаным - міне, қазақстандық бірлік, бір-бірімізге жанашырлық деген осылай болуы керек», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Президент мұның нақты жеке мысал екенін, «дегенмен өте жақсы көрсеткіш, үлгілік тәлім-тәрбие болып саналатынын» айтты. «Бұл нағыз азаматтың ісі. Менің халық бірлігі туралы идеям өмірде осылай көрініс тапқаны қуандырады», - деді Мемлекет басшысы.