Президент нақты әрі кешенді жоспарды айқындап берді - Эмин Аскеров

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Green Tal шеберханасының жетекшісі Эмин Әскеров Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент нақты әрі кешенді жоспарды айқындап берді - Эмин Аскеров

Оның айтуынша, Президент пандемиядан кейінгі кезеңде елді дамытудың нақты міндеттерін айқындап берді.

«Мемлекет басшысы пандемиядан кейін 10 жылға созылуы мүмкін қиын кезең туралы айтты. Жолдауда саяси, әлеуметтік, экономикалық өсудің нақты қадамдары көрсетілді. Әсіресе, саяси модернизацияны атап өткім келеді. 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға квота бөлінеді. Менің ойымша, бұл өте жақсы көрсеткіш болады. Ең төменгі жалақы шегінің өсуі енді 60 мың теңгеге тең боламақ. Бұл да маңызды»,- дейді ол.

GreenTAL əлеуметтік шеберханасының басшысы, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров мұғалімдерді қолдауға қомақты қаржы қарастырылатыны жақсы жаңалық екенін атап өтті.

«Бұл жерде оқу бағдарламаларында жаңа аспектілерді бейімдеу маңызды. Президент цифрландыру тақырыбына да кеңінен тоқталды. Ол 100 мыңға жуық IT саласының мамандарын дайындау керектігін жеткізді. Бұл қазіргі заман талабы. Менің ойымша бұл салаға деген сұраныс арта түсуі керек. Мемлекет басшысы нақты әрі кешенді жоспарды айқындап берді. Ендігі мақсат - орындау», - деді сарапшы.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.